-A A +A

Әділет комиссарлары

ҒАБАЙДҰЛЛА ӘЛІБЕКОВ
1870 жылы Орал өңірінде дүниеге келген. Әуелі ескіше хат танып, сонан соң мұғалімдер семинариясын тамамдайды. Алғашқы қызметін Орал уездік полиция басқармасында тілмаш болудан бастайды. Кейіндері бірнеше жыл қатарынан Ойыл және Соналы болысының басқарушысы (волостной управитель) болады.
1917 жылдың 19-22 сәуірінде қазақтардың съезін ұйымдастырып, оған төрағалық етті, 1920 жылғы 5 сәуірде Қазревком мүшелігіне қабылданды. Қазревкомда көптеген міндеттерді алып жүрумен қатар, қоғамдық жұмыстарды атқаруға құлшына кіріседі. Елді азық-түлікпен қамтамасыз етуге, Ақмола, Ақтөбе, Адай уездеріндегі төтенше оқиғаларды тексеруге ат салысты.
1920 жылдың 14 қыркүйегінде оған қайта құрылған Юстиция бөлімін басқаруды тапсырады. Қыркүйек айының 24-нен бастап Ғабайдұлла Әлібеков алғашқы бұйрыққа қол қойды. 20 қазанда Юстиция халық комиссариатына жедел түрде Юстиция халық комиссариаты туралы Ережені жасау, халық соттарын ұйымдастыру міндеті жүктелді.
Ғ. Әлібековтың Юстиция халық комиссариатын басқарған тұстағы жүргізген жұмыстары үш бағытта айқын көрінеді: біріншіден, кеңес өкіметі саясатының ерекше мәнін бейнелейтін заңдарды жариялау; екіншіден, қылмыспен күресудің жаңа негізін қалыптастыру; үшіншіден, халық соттары мен революциялық трибуналдардың ұйымдық жұмыстарына бағыт-бағдар беріп отыру.
Ғ. Әлібеков қызмет еткен кезінде қалың малды жою, барымтамен күрес туралы, сондай-ақ «Қырғыздардың неке құқығы туралы» тұңғыш декіреттердің жобасы әзірленді. 1920 жылы оның басшылығымен республика аумағында 231 сот және 111 тергеу учаскелері құрылған болатын.
Ғ. Әлібеков Юстиция халық комиссары қызметінде 1921 жылдың 17 қазанына дейін болды.
Тұңғыш Юстиция комиссары 1923 жылы дүние салды.
 
ШАФҚАТ БЕКМҰХАМЕДОВ
1892 жылы Бөкей ордасында дүниеге келген. Қазан университетінің заң факультетіне түсіп, оны шамамен 1916 – 1917 жылдары бітіріп шығады.
1918 жылдың 13 наурызында Жер-су ісінің комиссары болып сайланады.
1918 жылдың 7 мамырында ол Жер ісі комиссары болып тағайындалады. 1919 жылы Компартия қатарына қабылданып, Орынборға жіберіледі. Мұнда жер бөлімінің хатшысы, Орынбор Жұмысшы-шаруа инспекциясының алқа мүшесі, Бөкей губерниялық жер бөлімінің меңгерушісі, Бөкей губерниялық атқару комитетінің төрағалығы міндеттерін атқарды.
1921 жылдың қазан айында Қазаткомның шешімімен Ш. Бекмұхамедов Қазақстан юстиция комиссары болып тағайындалды. Ш. Бекмұхамедов басшылық еткен кезеңде Юстиция халық комиссариатында комиссариат құрылымын орнықтыру, қылмыспен күрестің басталып, күрес әдістерін қалыптастыру, халық соты аймақтарын құру, трйбуналдарға нүсқау беру сияқты мәселелерді жүзеге асыру, сот реформасын жүргізу, тұңғыш кеңестік заңдарды қабылдау, республикалық прокуратура мен адвокатураны құру, т.с.с. істер жан-жақты қолға алынған болатын.
Ш. Бекмұхамедовтың кезінде Қазатком «Мал ұрлығымен күрес» атты декіретті бекітті. «Прокуратура туралы» және «Адвокатура туралы» Ережелердің жобасы дайындалды. Құқық қорғау органдарының жұмысын түбегейлі қайта құру басталды, прокуратураны құру жөнінде алғашқы қадамдар жасалды. Прокуратура жөнінде заң бойынша юстиция комиссарына прокурор міндеті жүктеледі. 1922 жылдың 1 тамызынан Ш. Бекмұхамедов прокурор міндетін де атқарды.
Сондай-ақ Ш. Бекмұхамедов РСФСР заңдарына қалың мал, құн, мал ұрлығына тиым салу, тіпті адам етін жеу қылмыстарын аяусыз жазалау сияқты толықтырулар енгізуге бастамашы болды. Ш. Бекмұхамедов юстиция халық комиссары және республика прокуроры қызметтерінде 1922 жылдың 15 қазанына дейін болды.
Ш. Бекмұхамедов 1958 жылы Алматы қаласында қайтыс болды.
 
МЫРЗАҒҰЛ АТАНИЯЗОВ
Ақтөбе губерниясы Бетбақты болысының № 1 аулында 1899 жылғы 23 ақпанда дүниеге келген. 1906-1908 жылдары ауыл мектебінен білім алады. Содан соң екі кластық орыс-қазақ училищесіне оқуға түседі. 1918 жылы Ақтөбедегі мүғалімдер семинариясын тәмамдайды. 1920 – 1922 жж. Ақтөбе уездік атқару комитетінің мүшесі ретінде уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейін губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарады. 1919 жылы большевиктер партиясының мүшелігіне өтеді.
1921 – 1922 жж. – Ақтөбе губтрибуналы әскери алқасы төралқасының орынбасары, төрағасы, Қазақ облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары.
1922 жылдың 15 қазанынан 1923 жылдың 15 мамырына дейін юстиция комиссары.
Ол юстиция комиссариатында жұмыс істеген жылдарда губерниялық прокуратура, сот органдарының жұмысын саралап, арнайы нұсқау хаттарға қолын қойды. М. Атаниязовтың кезінде Юстиция халық комиссариаты жетілдірілді. 1923 жылдың 23 наурызында Қазатком юстиция халық комиссариаты, оның құрамы туралы жаңа ережені бекітті.
1922 – 1924 жж. – Мәскеудегі Юстиция халық комиссариаты жанындағы жоғарғы заң курстарында оқыды.
1925 жылғы мамыр – 1927 жылғы наурыз – РСФСР Жоғарғы Сотының қазақ бөлімінің төрағасы.
1927 – 1928 жж. – Ақмола губатқару Комитетінің төрағасы.
1928 – 1929 жж. – Семей округтық атқару Комитетінің төрағасы.
1929 – 1930 жж. – ВКП(б) Қазақ өлкелік Комитетінің нұсқаушысы.
1932 – 1933 жж. – РКИ Алматы өлкелік комитетінің төрағасы.
1933 – 1934 жж. – ҚазАКСР Прокуроры.
 
НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ
1895 жылы 25 суірде Семей облысы Қарқаралы уезінде дүниеге келген. 1915 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын, 1931 жылы ВКП (б) ОК жанындағы Коммунистік университетті тәмамдады.
1915 – 1918 жылдары Қарқаралыда мектеп мұғалімі. 1918 жылы ақпан-мамыр айлары – жұмысшы шаруа депутаттары Қарқаралы уездік кеңесінің хатшысы. 1918 – 1919 жж. Ақгвардияшылар түрмесінде.
1920 – 1921 жж. – Қарқаралы уездік ревкомының, уездік атқару комитетінің, Семей губерниялық әскери ревкомының мүшесі және бөлім меңгерушісі, губкомның бөлім меңгерушісі, Семей губерниялық атқару комитетінің мүшесі.
1921 жылдың қазанынан революциялық Трибуналдың төрағасы. 1923 жылдың 11 сәуірінен РСФСР Жоғарғы Сотының қазақ бөлімінің төрағасы. Н. Нұрмақовтың Жоғарғы Сот пен губерниялық прокуротураның қалыптасуындағы ролі ерекше зор. 1923 – 1924 жж. Юстиция халық комиссары.
 
Осы кезеңде прокуратура мен сот органдарын ұйымдастыру, кәсіби кадрларды даярлау, іс жүргізуге қазақ тілін енгізу жұмыстары аяқталды. Орынборда тұңғыш өлкелік заң курсының ашылуы Нұрмақовтың қызметке келуімен дәл келді. Қысқа мерзімді курстар Семейде, Ақмолада, Қостанайда ашылды. Олардың жанынан еңбек сессиялары ұйымдастырылды.
1922 жылғы 13 шілдеде екінші шақырылған КирЦИК-тің ІІІ сессиясында прокурорлық қадағалау туралы, адвокатура туралы Ережелер қабылданды. 1923 жылғы 28 желтоқсанда КирЦИК жанындағы бас Тәртіптік Кеңес туралы қаулы бекітілді.
1925 жылғы қыркүйек – қазан айлары – ВКП(б) Киробкомының бөлім меңгерушісі. 1924 жылғы қазан – 1929 жылғы сәуір – ҚАКСР Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы. 1929 – 1931 жж. – Мәскеуде оқуда. 1931 – 1937 жж. – ВЦИК хатшысының орынбасары. ВЦИК Президумының бөлім меңгерушісі ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің ҚАКСР ОАК мүшесі.
1937 жылы атылып, 1956 жылғы тамызда ақталды.
 
НҰРТАЗА ЕРАЛИН
1882 жылы 15 желтоқсанда Қостанай губерниясы, Қостанай уезі, Аманқарағай болысының № 9 аулында дүниеге келген. Қостанайдағы қалалық училищені бітірген соң Қостанай уездік басқармасының іс жүргізушісі болды. Он жыл бойы мұғалімдік еңбектен қол үзбей ағартушылықпен шұғылданады.
1919 жылдың 18 қарашасынан Қостанай уезінде мұғалім-нұсқаушы, кейін уездің халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болады. 1922 жылдың наурызында Кеңестік съездің шешімімен уездегі Азық-түлік комитеті басқарушысының орынбасары болып сайланады. Сол жылдың 1 қыркүйегінде большевиктер партиясы мүшелігіне қабылданып, Қостанай губерниялық халық ағарту бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне ауысады. 1923 жылдың 1 мамырында Қостанай губерниялық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасарлығына, қараша айынан губерниялық атқару комитетінің хатшылығына тағайындалады.
1924 жылдың сәуірінде Қазақ облыстық партия комитеті үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, сөйтіп 1924 жылдың 9 қыркүйегінде Ералин Нұрмақовтан Қазақстан Юстиция халкомы және республика прокуроры міндетін қабылдап алды. Осы қызметте ол 1924 жылдың қарашасына дейін болды.
Н. Ералин қазан айында губсоттар құрамын түгелдей қайта жаңарту туралы ережені бекітті. Ол басшылық еткен кезде Юстиция Комиссариаты алқасында жұмысшыларына, қызметкерлеріне уақтылы еңбек ақы төлемейтін өндіріс орындары мен мекемелерге қарсы күрес тәртібін күшейту мәселесі қаралды.
1924 жылдың қараша айында кеңестік партия мектебіне оқытушылық қызметке жіберіледі. 1925 жылдан сауда мекемелерінде бастықтың орынбасары, меңгеруші міндеттерін атқарды. 1930 жылдың ақпанынан Ақтөбе құрылысы директорының орынбасары, ал 1934 жылдың қазанынан Қазақ өлкелік мүгедектер кооперациялық одағы басқармасының төрағасы болады. Соңғы атқарған қызметі Шу аудандық атқару комитетінің хатшысы.
1938 жылдың 7 наурызында атылып, 1960 жылдың қаңтарында ақталды.
 
ҚАНАЙ БОРАНБАЕВ
1896 жылы Жетісу губерниясы, Алматы уезіндегі Қастек болысының №2 аулында шаруа отбасында дүниеге келген. Верныйдағы (Алматы) 8 сыныпты классикалық гимназияны бітіреді. Содан соң Варшава университетінің заң факультетінде оқиды. Бірақ бұл оқу орнының 3 курсын ғана тәмамдаудың сәті түседі.
1918 жылдың қарашасында РКП (б) мүшелігіне қабылданады. 1919 жылы Ташкентке қайта шақырылып, Өлкелік партия комитетінің мүшесі болды. Өлкелік партия комитетінің мүшесі болды. 1920 жылға дейін комитет мүшесі және хатшысы ретінде қызмет жасап, артынан Жетісу партия және мұсылмандар бюросына ауыстырылды.
1920 жылдың аяғында Түрік майданы 3-двизиясының әскери трибуналь мүшесі болып тағайындалып, онда 1921 жылға дейін қызмет етті. 1922 жылдың соңына дейін тергеу бөлімінің меңгерушісі.
1923 жылдың басында төтенше өкіл ретінде Қытайға барып, Шәуешекте қашқан қазақтарды көшіруді ұйымдастырды. Сол жылдың соңында Жетісу облысының прокуроры болып тағайындалды.. Бұл қызметті 1924 жыл бойына, яғни ҚАКСР прокурорлығына ауыстырылғанға дейін атқарды.
1924 жылы 27 қарашада Қ. Боранбаев юстиция халық комиссары және республика прокуроры болып тағайындалды. Ол бұл қызметінде 6 айға жуық уақыт болды. Қ. Боранбаев ЮХК және РП болған аз уақыт ішінде құқық қорғау органдарына бағыт-бағдар беретін 60-қа жуық маңызды құжаттарға қол қойды.
1924-1925 жылдары комиссариаттың қолға алуымен губерниялардағы губерниялардағы сот құрамы толық жаңартылды.
Қанай Боранбаев 1925 жылдың 15-19 сәуірінде өткен кеңестердің бүкілқазақтық V съезіне қатысады. Съезд қарсаңында ол сот-тергеу, прокурорлық бақылау, қорғау және халыққа құқықтық көмек беру, нотариалдық кеңселердің жұмыстары жайлы анықтамалық ақпарат дайындайды. 1925 жылдың 25 мамырында Кеңестердің бүкілқазақтық V съезінің шешімімен юстиция халық комиссары және республика прокурорлығына тағайындалған Сәдуақас Мәмбеев ауыстырды.. Ал Қ. Боранбаев Юстиция комиссариатының құрамындағы прокурорлыққа ауыстырылады.
Қ. Боранбаев 1928 жылы тағы да партиядан шығарылады. 1933 жылдың басында қамауға алынған Қ. Боранбаев 1938 жылы 15 қаңтарда Магаданда атылады.
 
СӘДУАҚАС МӘМБЕЕВ
1898 жылы Сырдария облысы Перовск уезінің Шиелі поселкесінде дүниеге келді. 1914 жылы орыс-қазақ мектебін аяқтап, жоғарғы училищеге түсті. 1918 жылы Ташкенттегі 1 жылдық педагогикалық курсқа қабылданды.
1922 жылдың шілдесінде – Ташкент уезі бойынша Сырдария облысы прокурорының көмекшісі.1923 жылдың наурызынан Мәскеудегі 2 жылдық курста оқиды. 1925 жылдың басында С. Мәмбеев Жетісу губерниясының прокуроры, 1925 жылдың 25 қарашасында Қызылорда қаласында Бүкілқазақ кеңестік юстиция қызметкерлерінің ІІ съезі ашылды. Съезде С. Мәмбеев сөз сөйледі. С. Мәмбеев мерзімдік басылым беттерінде қазақ және орыс тілдерінде мақалалар жариялап, құқық мәселесін көтерген алғаш юстиция комиссары.
1925 жылдың мамырынан 1926 жылдың қаңтарына дейін құқық қорғау органдарына жолданған 100-ден астам қатынас хаттарға қол қойыпты. «Тергеу ісін қадағалаудың әдістері туралы» нұсқаулық, қорғаушылар алқасының ережесі бекітілді.
1927 жылдан бастап С. Мәмбеев бірқатар партиялық жұмыстарда болып, өлкелік парткомиссияның мүшесі, облыстық партия бақылау комиссиясының төрағасы міндеттерін атқарады.
Ол 1931 жылы прокурорлық қызметке қайта оралды. Содан 1938 жылдың 4 ақпанына дейін, Орта Азия әскери округінің Қазақстан бойынша бөлімінің прокуроры болады.
1939 жылы КСРО Жоғарғы Сотының әскери алқасы С. Мәмбеевті 10 жылға бас бостандығынан айырды. Кесімді жазасын өтеп, бостандыққа шыққан С. Мәмбеевті көп ұзатпай 1949 жылдың басында тағы да қамауға алып, Сібірге мәңгілікке жер аударды.
1955 жылдың қыркүйегінде С. Мәмбеевтің ісі қайта қаралып, «кінәсі» дәлелденбегендіктен бұрынғы сот шешімдерінің күші толық жойылды деп танылды. 1958 жылы дүниеден қайтты.
 
ЖАНАЙДАР СӘДУАҚАСОВ
1898 жылы Сарысу болысында (қазіргі Қарағанды облысы) дүниеге келген.
1912 жылы Ақмоладағы орыс мектебіне (приходская школа) қабылданады. Одан кейінгі білімін Омбыдағы мұғалімдер семинариясында жалғастырады. 1919 жылдары уездік халық сотында жұмыс істеп, сосын уездік, губерниялық атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметін атқарады.
Қазақ АКСР-і Кеңестердің ІІІ съезіне қатысып, Қазатком мүшелігіне сайланады. Содан алғашқы сесияда-ақ Ж. Сәдуақасов ҚОАК-тің жауапты хатшылығына бекітіледі. Екі жыл ішінде Қазақстанның тұңғыш заң жобаларын жасады.
Ж. Сәдуақасов 1924 жылы Қаржы халкомы төрағасының орынбасарлығына тағайындалады.Артынша Сырдария губерниялық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жіберіледі.
1928 жылдың 17 қаңтарында Юстиция халық комиссары және Республика прокуроры қызметіне тағайындалады.
Ж. Сәдуақасовтың тікелей бақылауымен Тәркілеу туралы декреттің орындалуына тексеру жүргізіліп отырды. Ж. Сәдуақасовтың бастамасы бойынша Қылмыстық кодекстің ІХ бөлімінің нормалары Халық Комиссарлары кеңесінің талқысына салынып, оларды күшейту жөнінде шешім қабылданды.
Ж. Сәдуақасов Юстиция халық комиссары және республика прокуроры қызметінде 1930 жылдың сәуіріне дейін болды. Ол өлкелік партия комитетінің, көлік бөлімдерінің меңгерушісі, Алматы облыстық және қалалық партия комитеттерінің хатшысы. Қазақстан комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары болып жүріп «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторлығын қоса атқарды.
Жазушылармен қоян-қолтық араласа жүріп, ол Қазақ совет әдебиетінің болашағы жөнінде көп ой таластыратын, жаңа шығармаларға пікір жазатын қаламгерлерді халықтық рухты қатаң сақтауға әркез жұмылдырып отырды. 1937 жылдың 17 қыркүйегінде тұтқындалып, жазықсыз құрбан болды.
 
БОРАН АЙТМАҒАМБЕТОВ
1901 жылы Орал губерниясының Гурьев уезінде Сарыкөл болысында шаруа отбасында дүниеге келген. Гүрьевтегі қазақ мектебінде 5 жыл оқыды. Қолдың қысқалығынан оқуын тоқтатуға тура келіп, күн көріс үшін от жағушы, аула сыпырушы болып жалданады.
1927 жылға дейін мұнай өндірісінде, Мақатта, Волга-Каспий балық шаруашылығы тресінде, Гурьев – Доссор темір жол құрылысында қатардағы жұмысшы болып еңбек етеді.
1927 жылдың маусымында Тау-Кен жұмысшылар кәсіподағы орталық басқармасы төрағасының орынбасарлығына сайланады. 1929 жылдың наурызында қазақ кеңестік кәсіподағының бөлім меңгерушілігіне тағайындалады.
1929 жылдың соңында БОКОК (ВЦСПС) жанындағы кәсіподақтар жоғарғы мектебіне оқуға жіберіледі.
1930 жылдың 15 сәуірінде Юстиция халық комиссары және Республика прокуроры болып тағайындалады. Бұл қызметте ол екі жылдан астам болды. Қазелком бюросына екі рет сайланды. ҚАЗОАК мүшелігіне кандидат болды. Бұл жазалау шарасын белгілеуде «таптық көзқарас» тұрғысынан келу жылдары болатын. ҚазОАК жарлығына сәйкес ол қоғамдық соттарды ұйымдастырып, олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етті. 1932 жылдың алғашқы айларында Қазақстан аумағында 2204 қоғамдық сот құрылды, олардың құрамында 14984 адам болды.
1933 жылдың шілдесінде Б. Айтмағамбетов Гурьев округтік атқару комитетінің төрағалығына тағайындалды.
1935 жылдың ақпанында ол Қазелкомның шешімімен Батыс Қазақстан облысына ауыстырылады. 1935 жылдың 25 желтоқсанында тұтқынға алынады. РСФСР Жоғарғы Соты алқасының шешімімен 1938 жылдың 13 қарашасында ату жазасына кесіледі.
 
АБДОЛЛА ЖАРМҰХАМЕДОВ
1896 жылы 13 қарашада дүниеге келген. Нақ қай жерде туылғаны белгісіз. 1906 жылы Самарқандтағы бастауыш мектепті бітіреді. Сонан соң 4 кластық қалалық училищеге түседі. Оқуын сәтті аяқтаған ол 1914 жылдан Каттақорғанда (қазіргі Өзбекстан) уездік басқарманың хат қағаз көшірушісі болып еңбек жолын бастайды. Кейін тілмаштыққа ауысады. Осында милиция бастығы қызметіне тағайындалады. 1918 жылдың ақпанында Митан аудандық милициясын басқаруға жіберіледі. Абдолла 1919 жылдың маусымында большевиктер партиясы қатарына қабылданады. Ол сол жылы Каттақорғанда құрылған Төтенше уездік комиссияның төрағалығына тағайындалады.
1923 жылдың наурызында А. Жармұхамедов Түркістан Автономиялық Республикасы ішкі істер комиссарының орынбасарлығына тағайындалады.
Үш мәрте Қызыл ту орденімен марапатталады. 1926 жылдың наурызында Тәжік АССР-ның Орта Азия Бюросы А. Жармұхамедовты ішкі істер халық комиссары етіп бекітеді.
А. Жармұхамедов туған еліне оралған соң сауда халық комиссары қызметіне кіріседі. Кейін Семей облыстық, ақтөбе аудандық, Алматы қалалық кеңесі атқару комитеттерінің төрағасы болады.
1933 жылғы 9 қарашадан – Юстиция комиссары.
Алматы кеңес құрылысы институты (Алма-Атинский институт советского стройтельство) жанынан 50 орындық құқық бөлімін ашу жөнінде нақты ұсыныс жасады. Ақыры осындай табандылық пен қажырлы еңбектің арқасында 1935 жылдың соңында жоғарыда аталған институттың жанынан құқық бөлімін ашу мәселесі мақұлданды.
1935 – 1940 жылдар аралығында А. Жармұхамбетов Әулиеата аудандық, Орал қалалық атқару комитеттерінің төрағасы болып, осы аймақтардағы шаруашылықтың, мәдениеттің өркендеуіне өз үлесін қосты. Өмірінің соңында Орал қалалық атқару комитеті жанындағы мемлекеттік арбитраждың бас төрешісі болып жүріп, 1940 жылдың 21 қыркүйегінде 45 жасында дүниеден қайтады.
 
ХАМЗА ЖҮСІПБЕКОВ
1900 жылы Қарағанды облысындағы Нұра аулында дүниеге келді.
Қазан революциясының алғашқы күнінен революциялық қозғалысқа ат салысады, «Жас қазақ» революциялық жастар одағына кіреді, «демократиялық жастар» қозғалысына қатысады.
1920 жылдан Омбы губерниялық бюросының Губкомының нұсқаушысы болды. Ол көп ұзамай (1921 жылы) Көкшетауға келіп, уездік партия бюросы мұсылман секциясының хатшысы болады. Ақмола губкомының бөлім меңгерушісі, Бөкей Губкомының жауапты хатшысы, рабпрос одағы орталық комитетінің төрағасы, ВКП (б) Өлкомы партия алқасының жауапты хатшысы. Өлкелік комитеттің хатшысы, КСПС төрағасы болып істеді.
1929 жылы Х. Жүсіпбеков «Қызыл Қазақстан» журналын басқарды. Сол жылдары Хамзаның «Әйелдер еңбегі», «Қарсақбай» атты жинақтары да жарық көреді. Хамза Қазақ Кеңес жазушылары ұйымын құрысуға, оны нығайтуға тікелей қатысты. Ол бірқатар ғылыми, әдеби еңбектерді қазақ тіліне аударды. Сондай-ақ Н. Островскидің «Құрыш қалай шынықты» атты әйгілі романын алғаш рет қазақ тіліне тәржімелеген Х. Жүсіпбеков.
1935 жылдың 9 қаңтарынан Юстиция халық комиссары. Х. Жүсіпбеков қызмет еткен кезде 1938 жылдың сәуірінде Алматы кеңес құрылысы институты заң институты болып қайта құрылды. Х. Жүсіпбеков ВКП (б) ХVІІ съезіне және кәсіподақ съездеріне, өлкелік ІV, V, VІ партия конференцияларына делегат болып қатысқан. 1927, 1932, 1935, 1936 жылдары ВКП (б) өлкелік комитетінің бюро мүшесі, 1935 – 1936 жылдарда Қазақстан Атқару комитетінің Президум мүшесі болған.
1938 жылдың 26 ақпанында «қаралы тізім» бойынша атылған 37 адамның соңғысы осы Хамза Жүсіпбеков еді.
 
СҮЛЕЙМЕН ЕСҚАРАЕВ
1897 жылдың тамыз айында Қызылорда облысында шаруа отбасында дүниеге келген. 1910 – 1919 жылдары Қызылорда станциясындағы кірпіш зауытында қалып құюшы, темір жол депосында балғашы болған.
1918 жылы партия қатарына өтеді. Содан 1919 жылдың қыркүйегінде Ташкенттің партия кеңес мектебінің алты айлық курсына жіберіледі.
1921 – 1922 жылдары Ташкент облысында Төтенше комитет бастығының орынбасары, Түркістан өлкелік партия комитеті хатшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
1923 жылдың басында Сырдария облысына қайта оралып облыстық атқару комитетінің төрағасы, партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. 1925 жылы Кеңестердің бүкіл қазақтық V съезінде ҚАКСР ішкі істер халық комиссарлығына сайланды. 1928 – 1930 жылдары қызыл милиция мектебінің бастығы болды. 1930 жылы Мәскеудегі Жоспарлау академиясына оқуға барудың сәті түседі. 1933 жылы академияны ойдағыдай тәмамдап, елге оралған C. Есқараевті Өлкелік партия комитеті кешегі «отыз екінің» аштығынан азып-тозған ірі аймақтардың бірі – Қарағанды атқару комитетінің төрағасы етіп жібереді.
1936 жылдың ақпанында Юстиция халық комиссары және республика прокуроры болып тағайындалады. 1936 жылдың 17 сәуірінде РСФСР Юстиция халық комиссариатының кеңесінде Қазақстандағы Юстиция және прокуратура жағдайын жан-жақты түсіндіріп, мәлімдеме жасайды. Көтерілген мәселелер бойынша кеңес 19 баптан тұратын арнайы қаулы қабылдайды.
С. Есқараев аз уақыттың ішінде аса маңызды талай мәселелерді көтеріп, олардың оң шешімін табуға қол жеткізді. 1937 жылдың бюджетіне Юстиция комиссариаты ғимаратының құрылысын жүргізу енгізілді. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында ұлттық құқықтық мектептер ашылатын болды. Қазандағы Заң институтына 50 орын (ұлттық кадрлар үшін) бөлінді. 1936 жылдың күзінде Қазақстанның өз алдына тәуелсіз прокуратурасы құрылды. Ол Юстиция комиссариатын 1936 жылғы 17 тамызға шейін басқарды. Көп ұзамай халық комиссары кеңесі төрағасының орынбасарлығына жоғарылатылды.
С. Есқараев 1937 жылдың жазында осы қызметте жүргенде жүргенде тұтқындалды.